Қазақстанның ең ұзақ жасаған тұрғындарының бірі, 116 жастағы Түймегүл Темірбаева дүниеден өтті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қаралы хабарды Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының әкімдігі жеткізді.
Түймегүл Темірбаева 1910 жылдың 1 қаңтарында Жамбыл облысының Байқадам ауданында дүниеге келген. Ол жылқышы отбасында өсіп, жастайынан еңбекке араласқан.
22 жасында Аязбай Темірбаевпен отбасын құрып, кейін Жаңаарқа өңіріне қоныс аударған. Ерлі-зайыпты төрт баланы тәрбиелеп өсіріп, ұрпағының қызығын көрген. Түймегүл әжейдің 15 немересі мен 25 шөбересі бар.
Айта кетейік, марқұмның жұбайы да ұзақ ғұмыр кешкен. Ол 96 жасында өмірден өткен.
Түймегүл Темірбаева бір ғасырдан астам уақыт өмір сүріп, бірнеше ұрпақтың өсіп-жетілуіне куә болды. Оның өмір жолы мен артында қалған ұрпағы – әулетінің үлкен мұрасы.