Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазпоштадан» келген хабарламаға сенбеңіз: қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа схемасы ескертілді

Малика Хамит
«Қазпоштадан» келген хабарламаға сенбеңіз: қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа схемасы ескертілді

Қазақстанда интернет-алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа тәсіліне көшті, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Бұл жолы қаскөйлер «Қазпошта» қызметкерлерінің атын жамылып, тұрғындарға сәлемдеме жеткізу туралы жалған хабарламалар жіберіп жатыр. Бас прокуратура азаматтарды сақ болуға шақырды.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 9 қарашадан бастап қазақстандықтарға шетелдік нөмірлерден күмәнді SMS-хабарламалар келе бастаған. Атап айтқанда, +212 6 12 82 15 27 нөмірінен жіберілген хабарламаларда алушыға пошта жөнелтілімі жеткізілетіні туралы айтылады. Алайда мұндай хабарламалар басқа нөмірлерден де таралуы мүмкін.

Алаяқтар сәлемдемені жеткізу үшін мекенжайды нақтылау қажет деген сылтаумен хабарламаға сілтеме тіркейді. Оған қоса, сілтемеге қалай өту керектігі туралы арнайы нұсқаулық та жібереді. Осылайша, хабарламаны барынша сенімді етіп көрсетуге тырысады.

Бірақ бұл – алаяқтардың құрған тұзағы.

Сілтеме арқылы өткен адам «Қазпоштаның» ресми сайтына ұқсатып жасалған жалған интернет-парақшаға тап болады. Онда азаматтан тұрғылықты мекенжайы мен басқа да жеке мәліметтерін енгізу сұралады. Осылайша, алаяқтар пайдаланушының дербес деректерін қолды етуі мүмкін.

Бас прокуратураны алаңдатып отырған тағы бір жайт – жалған хабарламалардың қазақ тілінде жазылуы. Алаяқтар ресми мекемелерге тән сөз тіркестері мен іскерлік стильді пайдаланып, хабарламаны шынайы етіп көрсетеді. Бұл азаматтардың қырағылығын төмендетіп, күмәнді сілтемеге өтуіне себеп болуы мүмкін.

Өзіңізді қалай қорғауға болады?

Бас прокуратура мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді:

  • белгісіз нөмірлерден келген сілтемелерге өтпеңіз;

  • күмәнді сайттарға жеке мәліметтеріңізді енгізбеңіз;

  • банк картасының деректері мен құпия кодтарды ешкімге бермеңіз;

  • сәлемдеме туралы ақпаратты «Қазпоштаның» ресми арналары арқылы тексеріңіз.

Ең бастысы, сәлемдеме туралы хабарлама келгенде асығыс әрекет етпеңіз. Өйткені сіз күткен тапсырыс туралы хабарламаға ұқсайтын SMS-тің артында жеке деректеріңіз бен ақшаңызды иемденуді көздеген алаяқтар тұруы мүмкін.

Бөлісу: Telegram WhatsApp