Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттің қаза табуына байланысты бірқатар басшы қызметінен кетті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Атап айтқанда, әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы жұмыстан босатылды.
Университет басшылығының мәліметінше, мұндай шешім жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіптің тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеуіне байланысты қабылданған.
Сонымен қатар қайғылы оқиға болған күні жатақханада кезекшілік атқарған жауапты қызметкерлер де жұмыстан шеттетілді. Қазір олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.
Осы оқиғадан кейін университет жатақханалардағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп, бақылауды қатаңдатуға кіріскен.
ҚазҰУ өкілдері тергеу органдарына жан-жақты көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ істің ашық әрі әділ тергелуіне мүдделі екенін атап өтті.