Қонаев қаласында мектеп оқушысы биіктен құлап, алған ауыр жарақатынан ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қайғылы оқиға 16 қарашада сабақ басталмай тұрып болған.
Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, оқушы мектеп ғимаратындағы үшінші қабаттың баспалдақ қоршауымен сырғанамақ болған. Алайда тепе-теңдігін жоғалтып, екінші қабаттағы баспалдаққа құлап кеткен.
Бала басынан ауыр жарақат алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін ота жасағанымен, 17 қараша күні таңертең оқушы көз жұмды.
Қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр. Оқиғаға байланысты тергеу басталды. Сондай-ақ марқұмның денесіне сот-медициналық сараптама тағайындалады.
Тергеу нәтижесінде қайғылы жағдайдың нақты себептері мен оған қатысты өзге де мән-жайларға құқықтық баға беріледі.