Мазмұнға өту
qandastar.

Қостанайда қасқыр ер адамға шабуыл жасады

Малика Хамит
Наша Газета
Наша Газета

Қостанай облысының Жанкелді ауданындағы Ақкөл ауылында 49 жастағы ер адамға қасқыр тап берген, деп хабарлайды Qandastar.kz Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

Жыртқышпен жалғыз өзі алысып, ақыры оны өлтірген тұрғын қазір ауруханада жатыр.

Оқиға кешкі уақытта болған. Марат Құттыбаев ауылға соғым сойып алып кету үшін келген. Құдасының үйіне қонаққа бара жатқанда, артынан белгісіз біреу тап бергендей сезінген. Алайда бұрылып қарағанда, өзіне қасқыр шабуыл жасағанын түсінген.

Ер адам құлап қалғанымен, қайта тұрып қашуға тырысқан. Бірақ жыртқыш соңынан қалмай, ақыры екеуінің арасында жан алысып, жан беріскен арпалыс басталған. Марат қасқырмен бір сағаттай алысып, ақыры оны өлтірген.

Оқиғаның мән-жайын ауыл тұрғыны, зардап шеккен азаматтың құдасы Қайыркелді Қоңқабай айтып берген.

Оның сөзінше, Мараттың қолы қан-жоса болған. Қасқырдың тістері киімінен өтпеген. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр.

Ауыл әкімінің айтуынша, бұған дейін елді мекенде қасқырдың малға шабуыл жасағаны тіркелмеген. Жыртқышты өлтіргеннен кейін ветеринарлар тексере алмаған, себебі оның басы қатты зақымданған. Кейін арнайы орынға көмілген.

Ақкөл ауылы табиғи қорық аумағында орналасқандықтан, мұнда аң-құс аулауға шектеу қойылған. Ауыл басшысы Балғабай Қалиевтің айтуынша, жыл сайын аңшылар келіп, қасқыр санын реттеп отырады.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, бұл өңірде қасқырдың адамға шабуыл жасауы алғаш рет емес. Шамамен 15 жыл бұрын дәл осы Мараттың жұбайына жыртқыш тап берген. Сол кезде де ер адам қасқырды өлтіріп, әйелін аман алып қалған. Ал 20 жылдай бұрын көрші ауылда қасқыр егде жастағы әйелге шабуылдап, оның өліміне себеп болған.

Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен азаматтың жағдайы орташа ауыр екенін хабарлаған. Қазір оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp