Жуалы ауданында мектеп оқушысын қорлаған баланың әкесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Сот оған айыппұл салмай, ескерту жасаумен шектелді.
Оқиға 2026 жылдың қыркүйегінде аудан мектептерінің бірінде болған. 8-сынып оқушысы сабаққа кешігіп келген кезде сыныптасы оны келеке етіп, «қой бағатын малшы» деп атаған. Сондай-ақ оның мал жаюға байланысты кешіккенін айтып, намысына тиетін сөздер айтқан.
Осы жағдайдан кейін аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия оқиғаны қарап, буллинг фактісін растаған. Нәтижесінде баланың ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданған.
Іс материалдарын қараған Жуалы аудандық соты баланың әкесі кінәсін мойындағанын ескерді. Ол ұлымен және мұғалімдермен тәрбиелік әңгіме жүргізілгенін айтып, алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермейтінін жеткізген.
Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-2-бабының 3-бөлігіне сәйкес, мұндай жағдайда ата-аналарға ескерту жасалады немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Сот қаулысымен азамат кінәлі деп танылып, оған әкімшілік ескерту берілді.