Құжат Одақ елдері арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыруға және ортақ нарықтағы кедергілерді жоюға бағытталған. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Құрылтай «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады.
Құжат ЕАЭО-ның шарттық-құқықтық базасын жетілдіруді, құқықтық реттеудегі олқылықтарды жоюды және мүше мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін нақтылауды көздейді.
Хаттамада Одақтың ішкі нарығы, техникалық реттеу, қызметтер саудасы мен инвестициялар, бәсекелестік, мемлекеттік сатып алу, ортақ электр энергетикасы нарығы және көліктік бақылау салаларына қатысты 30-ға жуық түзету қарастырылған.
Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық комиссияның ішкі нарықтағы кедергілерді анықтау және жою жөніндегі өкілеттіктері нақтыланады. Сонымен қатар техникалық регламенттерді біркелкі қолдану, ортақ электр энергетикасы нарығын реттеу және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыру тетіктері жетілдіріледі.
Бұдан бөлек, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алу кезінде банктік кепілдіктерді өзара тануы көзделген. Бұл Одақ елдерінің кәсіпорындарына басқа мүше мемлекеттердегі мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Заңның қабылдануы ЕАЭО аясындағы экономикалық ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін жетілдіруге және интеграциялық рәсімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.