Мазмұнға өту
qandastar.

Құрылтай ғылымды қаржыландыру жүйесін жетілдіруді ұсынды

Бақытжан Мұса
adebietportal.kz
adebietportal.kz

Құрылтай депутаттары Қазақстандағы ғылымды қаржыландыру жүйесін жетілдіруге және бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ұсыным әзірледі. Ұсыныстар мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға жолданды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Аудитті Жоғары аудиторлық палата жүргізген. Тексеру барысында ғылымды дамытуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуы және жер қойнауын пайдаланушылардың міндетті аударымдары есебінен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру тетігінің тиімділігі бағаланған.

Депутаттар Үкіметке ғылыми жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерін автоматтандыруды ұсынды. Бұл өтінімдерді қабылдау мен қалыптастырудан бастап, сараптамалық қорытындыларды қарау, келісу, шарт жасасу және жобалардың орындалуын бақылау үдерістерін қамтиды.

Сонымен қатар ғылым мен бизнестің байланысын нығайту қажеттігі атап өтілді. Осы мақсатта бизнес-құрылымдарды ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға тарту, сондай-ақ кәсіпорындардың ғылыми әзірлемелерді сынақтан өткізуге және өндіріске енгізуге қатысуын көздейтін бірлескен жобаларды іске асыру тетіктерін әзірлеу ұсынылды.

Ғылым және жоғары білім министрлігіне ұлттық экономика мен бизнес қажеттіліктерін ескере отырып, ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың басым бағыттарын анықтау міндеті ұсынылды. Сондай-ақ бөлінетін қаражатты осы бағыттардағы зерттеулерге шоғырландыру қажеттігі айтылды.

Бұдан бөлек, министрлік ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың тұрақтылығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуі керек. Ол үшін гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстарын уақытылы өткізу, өтінімдерге ғылыми сараптама ұйымдастыру және жобаларды жүзеге асыратын ұйымдармен шарттарды дер кезінде жасасу ұсынылды.

Бұл ұсынымдар ғылымға бөлінетін қаражаттың тиімділігін арттыруға, ғылыми әзірлемелердің нәтижелілігін күшейтуге және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты дамытуға бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp