Мазмұнға өту
qandastar.

Құрылтай жанынан Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылады

Бақытжан Мұса 27 қаралым
Құрылтай
Құрылтай

Құрылтай Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру туралы қаулы қабылдады. Кеңестің негізгі мақсаты – өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар арасында тікелей байланысты қамтамасыз ету, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Кеңес мәслихаттардың заңдарды әзірлеу жұмысына тұрақты қатысуын және қабылданған заңдардың жергілікті жерлерде қолданылуына қатысты кері байланыс орнатуды көздейді. Сонымен қатар өңірлердегі өзекті мәселелерді анықтап, жинақтау және оларды шешуге бағытталған ұсыныстар әзірлеу жоспарланған.

Кеңес өңірлердегі озық тәжірибені зерделеп, оны басқа өңірлерде таратуға да ықпал етеді.

Кеңес құрамына мәслихаттармен жұмыс тәжірибесі бар Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің депутаттары, саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат төрағалары кіреді.

Өңірлермен тұрақты байланыс орнату үшін Құрылтайдың төрт депутатынан тұратын хатшылық құрылады. Әр депутатқа бес өңірден бекітіледі.

Қажет болған жағдайда жекелеген мәселелерді қарау үшін тақырыптық жұмыс топтары құрылуы мүмкін. Олардың құрамына Құрылтай мен мәслихат депутаттары, сарапшылар, азаматтық қоғам, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері тартылады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp