Мазмұнға өту
qandastar.

Құрылтай жанынан Жастар кеңесі құрылады: 6 миллионға жуық жастың бастамасы қолдау табуы мүмкін

Бақытжан Мұса
Құрылтай
Құрылтай

Бастаманы Құрылтай депутаты Дана Медеуова көтерді. Жаңа кеңес жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына және олардың ұсыныстарын заң шығару деңгейінде қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Бүгінде Қазақстанда 14 пен 35 жас аралығындағы 6 миллионға жуық азамат бар. Бұл ел халқының шамамен үштен бірін құрайды. Жас қазақстандықтар экология, білім беру, цифрландыру және отбасыларды қолдау бағыттарында түрлі әлеуметтік бастамалар көтеріп келеді. Алайда олардың бірқатары өңірлік деңгейден аса алмай отыр.

Жастар кеңесінің негізгі міндеттерінің бірі – осындай бастамаларды қолдау, оларды ілгерілету және жастар мен депутаттық корпус арасында тікелей диалог орнату. Сонымен қатар халықаралық жастар ынтымақтастығын дамытуға және қазақстандық жастардың жобаларын әлемдік деңгейде танытуға басымдық беріледі.

Кеңес құрамына депутаттар, жастар ұйымдарының өкілдері, өңірлік белсенділер мен жас мамандар кіреді. Бұл ретте еліміздің барлық өңірінің өкілдік етуі қамтамасыз етіледі. Кеңестің құрылу және жұмыс істеу тәртібі арнайы ережемен айқындалады.

Дана Медеуованың айтуынша, жастар өз идеяларын ұсынып қана қоймай, оларды жүзеге асыруға және қоғамдық маңызы бар шешімдерді қабылдауға да қатысуы керек.

Осылайша, Құрылтай жанындағы Жастар кеңесі жас ұрпақтың бастамаларын қолдайтын және олардың елдің қоғамдық-саяси өміріне араласуына мүмкіндік беретін тұрақты диалог алаңына айналмақ.

Бөлісу: Telegram WhatsApp