Қазақстанда 52 инфрақұрылымдық жобаға қосымша 47 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады. Кездесуде заң шығару жұмысы, өңірлерді дамыту және азаматтардың әлеуметтік мәселелері талқыланды.
Айбек Дәдебайдың мәліметінше, депутаттар осы уақытқа дейін 18 заң қабылдап, тағы 38 заң жобасын қарастырып жатыр. Олардың қатарында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу, балалардың құқықтарын қорғау, педагогтер мен медицина қызметкерлерін қолдауға қатысты бастамалар бар.
Сондай-ақ депутаттардың ұсынысымен өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қосымша 47 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат жылу, электр, газ және су жүйелерін жаңғыртуға, әлеуметтік нысандарды дамытуға жұмсалады.
Кездесуде халықпен кері байланыс мәселесі де сөз болды. Құрылтайдың қоғамдық қабылдауы мен e-Otinish жүйесіне түскен өтініштер негізінде заңнамалық бастамалар әзірленеді. Сессия басталғалы депутаттар өзекті мәселелер бойынша 111 сауал жолдаған.
Ал «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдауына 14 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 8,3 мыңнан астамы оң шешімін тапқан. Бұдан бөлек, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 12 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетілген.
Партия алдағы бес жылға арналған сайлауалды бағдарламаны іске асыру үшін 303 іс-шарадан тұратын жол картасын әзірлеген.
Кездесу соңында Президент заң шығару жұмысын жетілдіру, сайлауалды міндеттемелерді орындау және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға басымдық берді.