Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліндегі кейбір жасанды аудармалардың қолданысқа енуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Оның айтуынша, тілді дамыту барысында шектен шықпай, сөздердің өміршеңдігі мен қолданыс қажеттілігіне мән беру керек.
Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде қазақ тілінде сәтті қалыптасқан көптеген терминді атап өтті. Олардың қатарында «тұжырымдама», «қағидат», «еңбек өтілі», «жанармай», «ғарыш», «зымыран», «ғаламтор», «тікұшақ», «жасанды сана» және басқа да сөздер бар.
Алайда Президент кейбір аудармалардың қаншалықты қажет екеніне күмән келтірді. Мәселен, «пианино» сөзінің орнына «күйсандық», «балкон» орнына «қылтима», «фонтан» орнына «субұрқақ», «душ» орнына «себезгі», «капуста» орнына «қырыққабат», «газет» орнына «үнқағаз», «лифт» орнына «жеделсаты» сөздерін қолданудың қажеттілігі екіталай екенін айтты.
Сондай-ақ Тоқаев діни ұғымдарды білдіретін дәстүрлі қазақ сөздерінің орнына араб сөздерін жиі қолдану үрдісіне де тоқталды.
Президент бұл мәселелерді кәсіби тіл мамандары мен ғалымдар жан-жақты талқылауы қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, тіл ғылымына қатысты баршаға қолжетімді әмбебап цифрлық жүйе әзірлеуді ұсынды.
Осы міндеттерді жүйелі жүзеге асыру үшін құрамына тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобы құрылады. Оның жұмысын үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі.