Мазмұнға өту
qandastar.

Қытай 2028 жылы климат жөніндегі БҰҰ конференциясын өткізуден бас тартты

Бақытжан Мұса
Reuters
Reuters

Қытай 2028 жылы өтетін БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі COP33 халықаралық конференциясын қабылдамау туралы шешім шығарды. Сонымен қатар Бейжің жаһандық климаттық дипломатияда жетекші рөл атқаруға әзір емес екенін аңғартты. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады, дейді Qandastar.kz сайты.

Агенттіктің дереккөздерінің мәліметінше, Қытай үкіметі жыл сайын ұйымдастырылатын климат жөніндегі халықаралық конференцияны өткізуге мүдделі емес. Бұған дейін елдің 2028 жылы COP33 саммитін қабылдауы мүмкін екені айтылған болатын.

Қазіргі уақытта Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан COP31 конференциясында Қытай делегациясы да дәстүрлі түрде ұстамды ұстаным танытып отыр. Ел өкілдері негізінен жабық келіссөздерге қатысып, дамушы мемлекеттердің мүдделерін қолдауда.

Атап айтқанда, Қытай делегациясы дамыған елдерді климаттық қаржыландыру көлемін арттыруға және парниктік газдар шығарындыларын қысқартуды жеделдетуге шақырған. Алайда қазба отындарынан кезең-кезеңімен бас тартуға қатысты нақты мақсаттарды белгілеуге қарсы болған.

Сарапшылардың пікірінше, Бейжіңнің халықаралық климаттық көшбасшылықтан бас тартуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, конференцияны өткізу Қытайға климаттық міндеттемелерді күшейту жөнінде қосымша қысым түсіруі мүмкін. Екіншіден, бұл елден климаттық жобаларға бөлінетін қаржыны арттыруды талап етуі ықтимал.

Сонымен бірге Қытай жасыл технологиялар саласындағы экономикалық ықпалын күшейтуге басымдық беріп отыр. Ел күн панельдерін, жел турбиналарын және электр көліктерін өндіру мен экспорттау бойынша әлемдегі жетекші мемлекеттердің бірі саналады.

Reuters дерегінше, Қытай 2025 жылы дамушы елдерге 132 миллиард доллар көлемінде таза технологиялар мен инвестиция бағыттаған.

Бейжің халықаралық климаттық келіссөздерде сауда мәселесіне көбірек назар аударуда. Атап айтқанда, Қытай өз делегациясы арқылы жасыл технологиялар саудасына қойылатын шектеулерге қарсы шығып, еркін сауда қағидаттарын қолдауды талап етіп отыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp