Мазмұнға өту
qandastar.

Қытай мен Түркияның арзан тауары: Қарағандыда екі әйел 461 адамды алдап кеткен

Малика Хамит
Қытай мен Түркияның арзан тауары: Қарағандыда екі әйел 461 адамды алдап кеткен

Қарағандыда жүздеген адамды арзан тауарға қызықтырып, ақшасын алған екі әйелге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Алаяқтық әрекеттерінен 461 адам зардап шегіп, келтірілген жалпы шығын 700 млн теңгеден асқан. Бұл туралы облыстық сот хабарлады.

Сот материалдарына сәйкес, сотталушылардың бірі WhatsApp мессенджерінде Қытай мен Түркиядан тауар жеткізуге арналған топтар ашқан. Онда ол ыдыс-аяқ пен түрлі тұрмыстық заттарды нарықтағы бағадан арзан сататынын жариялаған. Сатып алушылардың сеніміне кіру үшін топтарға тауарлардың жеткізілгені туралы пікірлер де орналастырылған.

Кейін екі әйел жиһаз, тұрмыстық техника және автокөліктерді де төмен бағамен ұсына бастаған. Жарнамаларда басқа адамдардың пікірлері түсірілген бейнероликтер пайдаланылған.

Алайда тапсырыс беріп, ақшасын аударған адамдар уәде етілген тауарларды ала алмаған. Осылайша, алаяқтық әрекеттерінен 461 адам зардап шеккен. Жалпы материалдық шығын 700 млн теңгеден асқан.

Сотта екі әйел де өз кінәсін мойындамаған. Ал олардың қорғаушылары ақтау үкімін шығаруды сұраған.

Сот шешімімен әрқайсысы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Алайда жазаны өтеу мерзімі бір жылға кейінге қалдырылды.

Сонымен қатар жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылып, сотталғандардан 700 млн теңгеден астам қаражатты өндіріп алу белгіленді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp