Қытайдың Санья қаласынан Астанаға ұшуы тиіс Air Astana рейсі бір тәуліктен астам уақытқа кешікті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Соның салдарынан 150-ден астам жолаушы елге уақытында орала алмай, әуежайда күтуге мәжбүр болған. Әуе компаниясы рейстің не себепті кейінге шегерілгенін түсіндірді.
Оқиға туралы әлеуметтік желіде жолаушылардың бірі жазба жариялап, наразылығын білдірді. Оның айтуынша, рейспен ұшуы тиіс 150-ден астам адам бір тәулік бойы елге қайта алмай қалған.
Air Astana мәліметінше, 4 қарашаға жоспарланған Санья – Астана бағытындағы рейс ұшақтың техникалық ақауына байланысты келесі күнге ауыстырылған.
Компания мамандары ақаулы бөлшекті ауыстырып, әуе кемесін қайта ұшуға дайындаған. Ал күтуге мәжбүр болған жолаушыларға трансфер, тамақ және қонақүй ұсынылған.
«Әуе кемесі Санья әуежайынан жергілікті уақыт бойынша 5 қарашада сағат 10:07-де ұшып шықты. Астанаға сағат 14:45-те келуі күтілуде. Рейстің жалпы кешігу уақыты 27 сағатты құрады», – деп хабарлады әуе компаниясы.
Осылайша, техникалық ақаудың салдарынан жолаушылардың сапары бір тәулікке жуық уақытқа ұзарған.