Қаржылық мониторинг агенттігі Солтүстік Қазақстан облысында футбол клубына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру және салық төлеуден жалтару күдігіне ілінген азаматты мемлекетаралық іздеуге жариялады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Іздеудегі азамат – 1954 жылы туған Григорий Лория. Ол «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президенті болған.
ҚМА мәліметінше, оған 414 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдік тағылып отыр.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2023 жылы клубты қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген. Алайда күдікті бас бухгалтермен және басқа да тұлғалармен алдын ала сөз байласып, қаржы құжаттарын қолдан жасаған болуы мүмкін. Сондай-ақ бюджет қаражатының бір бөлігін жеке шоттарға негізсіз аударуды ұйымдастырған деген күдік бар.
Бұдан бөлек, бухгалтерлік және салық есептілігінде қызметкерлердің табысы, еңбекақы қоры мен ұйымның жылдық жиынтық кірісі әдейі төмендетіліп көрсетілгені анықталған.
Қаржылық мониторинг агенттігі іздеудегі азаматтың қайда екенін білетіндерден хабарласуды сұрайды.
Ақпаратты +7 (7172) 70-84-78 нөміріне немесе 1458 Call-орталығына хабарлауға болады.
«Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президенті іздестіріліп жатыр