Қызылорда қаласында үйінен алыстап кеткен 6 жасар қыз бала полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру шараларының нәтижесінде аман-есен табылып, анасына тапсырылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Кешкі уақытта қалалық полицияға кішкентай қыздың жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен. Ақпаратты алған патрульдік полиция батальонының инспекторы Заңғар Нұрадинов пен ювеналды полиция инспекторы Дамир Ахметулла дереу іздестіру жұмыстарына кірісті.
Тәртіп сақшылары аула аумақтарын аралап, қыз баланың жүрген жерін анықтауға бағытталған жедел шараларды жүргізді. Іздестіру барысында олар дыбыс күшейткіш құрылғы арқылы баланың атын атап, тұрғындардан көмек сұрады.
Анықталғандай, бүлдіршін ойнап жүріп, үйінен алыстап кеткен. Жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде қыз бала аман-есен табылып, анасына тапсырылды.
Баласының дін аман табылғанына қуанған анасы полиция қызметкерлеріне жедел әрекеті, жанашырлығы мен жауапкершілігі үшін алғыс білдірді.
Осы орайда полиция қызметкерлері ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне мұқият болуға, оларды қараусыз қалдырмауға және қайда жүргенін үнемі бақылауда ұстауға шақырды.