Қызылорда қаласында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, кортеж ұйымдастырған сегіз жүргізуші жауапқа тартылды. Құқық бұзушыларға қатысты 27 әкімшілік хаттама толтырылып, төртеуі сот шешімімен бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында құқыққа қайшы әрекеттер түсірілген бейнежазбаны анықтаған. Тексеру нәтижесінде бірнеше жүргізушінің кортеж ұйымдастырып, жол қозғалысы кезінде бірқатар заңбұзушылыққа жол бергені белгілі болды.
Атап айтқанда, олар маневр жасау және міндетті сақтандыру талаптарын бұзып, жолда авариялық жағдай туғызған. Сонымен қатар көлікті тоқтату және тұраққа қою қағидаларын сақтамаған, ұсақ бұзақылық жасап, қауіпсіздік белдігін тақпаған.
Құқық бұзушылардың барлығы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Олардың 19 бен 26 жас аралығындағы Қызылорда қаласының тұрғындары екені белгілі болды.
Нәтижесінде сегіз адамға қатысты 27 әкімшілік хаттама рәсімделіп, айыппұл салынды. Төрт жүргізуші сот шешімімен бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ жеті автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Полиция өкілдері жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын сақтауға және өзге азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге бармауға шақырды.