Астанадағы жас шығармашылық маманына қатысты оқ-дәрі сақтады деген қылмыстық іс кассациялық сатыда тоқтатылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Іс материалдарына сәйкес, 22 жастағы жігіт салынып жатқан жеңіл рельсті көлік нысанының маңынан бір патрон тауып алып, оны түсірілім кезінде реквизит ретінде қолдануды ойлаған. Алайда кейін бұл затты сөмкесіне салып қойғанын ұмытып кеткен.
Бір жылдан кейін ол Алматыға ұшу үшін әуежайға келген кезде қауіпсіздік тексеруі барысында патрон сөмкесінің қалтасынан анықталған. Осыған байланысты сот оны оқ-дәріні заңсыз иемденді, сақтады және тасымалдады деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған.
Алайда істі қайта қараған кассациялық сот патронның қылмыстық мақсатта пайдаланылмақ болғаны дәлелденбегенін атап өтті. Сонымен қатар жігіттен қару табылмаған, оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген.
Сот әрекеттің қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмегенін ескеріп, қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ деген негізбен істі тоқтатты. Бұл ұстанымды Бас прокуратура да қолдаған.