Мазмұнға өту
qandastar.

Ресейде құны алтыннан қымбат болуы мүмкін жаңа минерал табылды

Бақытжан Мұса · · 207 қаралым
Ресейде құны алтыннан қымбат болуы мүмкін жаңа минерал табылды

Ресейлік ғалымдар бұрын ғылымға белгісіз болған жаңа минералды анықтады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты  РИА Новости порталына сілтеме жасап хабарлады.

Жаңа минералды Ресей ғылым академиясының Кола ғылыми орталығының, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің және А.Е. Ферсман атындағы Минералогиялық музейдің мамандары тапқан. Сирек кездесетін кристалл Хибин массивіндегі Киров кенішінен анықталған.

Мамандардың мәліметінше, минералдың құрамында жоғары технологиялық өндірістерде кеңінен қолданылатын сирек жер элементі – иттрий бар. Сонымен қатар оның құрамында кремний, калий, натрий және басқа да химиялық элементтер кездеседі. Ғалымдардың айтуынша, бұл минерал жер қыртысының қалыптасу тарихын зерттеуге мүмкіндік беретін ерекше табиғи үлгі саналады.

Зерттеушілердің бағалауынша, жаңа минералдың өте жұқа қабатының өзі шамамен 145 АҚШ долларына бағалануы мүмкін. Бұл көрсеткіш алтынның дәл осындай көлемдегі құнынан жоғары. Минералдың жоғары бағасына оның құрамындағы кальций, марганец, фтор және күрделі кристалдық құрылымы әсер етеді.

Табылған кристалл ашкрофтиндер деп аталатын сирек силикаттар тобына жатады. Ол нәзік құрылымымен және қызғылт реңкімен ерекшеленеді. Бұған дейін мұндай минералдардың ірі кен орындары Гренландия, Канада және Италия аумақтарынан табылған.

Ғалымдардың пікірінше, бұл жаңалық Жер қыртысының түзілу процестерін тереңірек зерттеуге және сирек минералдар жөніндегі ғылыми мәліметтерді толықтыруға ықпал етеді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp