Қазақстанда 290 миллион теңгеден астам салық төлемеді деген күдікке ілінген азамат Ресейден елге жеткізілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тергеу мәліметінше, ол 2022-2023 жылдары коммерциялық компаниялардың бірін басқарып, кірістер декларациясына шынайы емес ақпарат енгізген. Соның салдарынан мемлекетке төленуі тиіс 290 миллион теңгеден астам салық бюджетке түспеген.
Оқиғадан кейін күдікті Қазақстаннан кетіп, тергеуден бой тасалаған. Осыдан соң оған халықаралық іздеу жарияланған.
Биыл қаңтарда ер адам Ресейдің Краснодар қаласында ұсталды. Қазақстан тарапының сұрауынан кейін ол елге экстрадицияланды.
Қазір күдікті тергеу изоляторында отыр.
Егер сотта кінәсі дәлелденсе, оған 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ белгілі бір қызметпен айналысу немесе лауазым атқару құқығынан 3 жылға дейін айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.