Мазмұнға өту
qandastar.

Республика күнімен Тоқаевтың атына шетелдік көшбасшылардан құттықтаулар келіп түсті

Бақытжан Мұса
Коллаж: Almaty.tv
Коллаж: Almaty.tv

Республика күніне орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына бірқатар мемлекет басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары жолданды. Qandastar.kz сайты хабарлады.

Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік саладағы жетістіктерін атап өтіп, елдің халықаралық аренадағы беделіне жоғары баға берді. Ол Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға, экономикалық өсімге және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін білдірді.

Бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп та Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтау хатын жолдаған болатын. Ол Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті нығайтудың маңызын атап өтті.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанмен стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың дамуын жоғары бағалады. Ал Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызын атап өтті.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанмен достық пен өзара сенімге негізделген ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын жеткізді. Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов те Қазақстанның егемендік жылдарындағы жетістіктерін атап өтіп, елдің халықаралық беделінің арта түскеніне назар аударды.

Құттықтау жеделхаттарында мемлекеттер арасындағы достық байланыстарды нығайтуға, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және халықтар игілігі жолындағы серіктестікті жалғастыруға басымдық берілген.

Бөлісу: Telegram WhatsApp