Мазмұнға өту
qandastar.

Роналду Эйсебионың рекордын жаңартып, тарихқа енді

Малика Хамит · · 33 қаралым
Роналду Эйсебионың рекордын жаңартып, тарихқа енді

Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңінде Өзбекстанға қарсы кездесуде дубль авторы атанды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Матч барысында тәжірибелі шабуылшы екі мәрте мергендік танытып, командасының ірі есеппен жеңіске жетуіне үлес қосты. Оның алғашқы голы кездесудің 6-минутында, ал екінші голы 39-минутында соғылды.

Бұл нәтижеден кейін Роналду әлем чемпионаттарындағы голдарының санын 10-ға жеткізіп, Португалия құрамасы сапындағы осы турнирдегі ең үздік бомбардир атанды. Осылайша ол бұған дейін тоғыз голмен көш бастап тұрған Эйсебионың көрсеткішін басып озды.

Сондай-ақ португалиялық футболшы әлем чемпионаттарының алты түрлі додасында гол соққан алғашқы ойыншы ретінде тарихқа енді. Ол 2006, 2010, 2014, 2018, 2022 және 2026 жылғы әлем чемпионаттарында қарсыластар қақпасынан саңылау тапқан.

Өзбекстанға қарсы матч Роналдудың әлем чемпионаттарындағы 24-ойыны болды. Сонымен қатар шабуылшы әлем және Еуропа чемпионаттарындағы бірнеше матчқа созылған голсыз сериясын тоқтатты.

Айта кетері, әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші турда Өзбекстан құрамасы Португалияға есе жіберді. Хьюстон қаласында өткен кездесу 5:0 есебімен аяқталды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp