Қазақстанда коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарға ру немесе жүз атауын беруге заң жүзінде шектеу қойылуы мүмкін, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Мұндай ұсынысты Құрылтай депутаты Аят Сүгірбай үкіметке жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Депутаттың айтуынша, елде қазақ руларының атауымен тіркелген 800-ге жуық ұйым бар. Олардың барлығы дерлік 1996-2005 жылдар аралығында құрылған.
Аят Сүгірбай мұндай атаулар қоғамда рушылдық көзқарастың қайта күшеюіне әсер етуі мүмкін деп есептейді. Оның пікірінше, ру – ата-текті танып, тарихты құрметтеудің бір жолы болғанымен, ол елдің ортақ мүддесінен жоғары тұрмауы керек.
Депутаттың сөзінше, белгілі бір рудың атымен аталған компанияның жұмысына қатысты сын айтылса, оның салқыны сол рудың басқа өкілдеріне де тиюі мүмкін. Бұл өз кезегінде руаралық түсініспеушілікке әкелуі ықтимал.
«Жекелеген кәсіпорындар мен коммерциялық ұйымдарға ру атауларын берудің кеңінен таралуы қоғамда рушылдық түсініктің қайта жаңғыруына әкеп соқтыруы мүмкін», – деді ол.
Осыған байланысты депутат үкіметке заңды тұлғалар мен қоғамдық бірлестіктерді ру немесе жүз атауымен тіркеуге шектеу қоятын арнайы нормалар енгізуді ұсынды.