Мазмұнға өту
qandastar.

Руслан Өскенәлі Жезқазғандағы әлеуметтік жобалардың орындалу барысын бағалады

tursynhan · · 3 қаралым
Руслан Өскенәлі Жезқазғандағы әлеуметтік жобалардың орындалу барысын бағалады

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Жезқазған қаласында жүзеге асырылып жатқан бірқатар әлеуметтік жобаны аралап, олардың қазіргі жағдайымен танысты. Сапар барысында құрылыс қарқыны, жұмыстардың белгіленген мерзімге сәйкестігі және орындалу сапасы тексерілді, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.

Басқарма төрағасы алдымен «Ұлытау университетінің» инфрақұрылымын дамыту жобасын көрді. Университет аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысу кезінде оқу орнының өңірге қажетті кадрларды даярлаудағы рөліне назар аударылды. Оның ішінде тау-кен өнеркәсібіне қажет техникалық мамандарды дайындау көзделіп отыр. Университетте білім беру процесін 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастау жоспарланған. Алғашқы студенттер пайдалы қазбаларды барлау және өндіру бағыттары бойынша бакалавриат бағдарламаларына қабылданады.

Одан кейін Руслан Өскенәлі «Жастар» қалалық саябағын қайта жаңғырту жобасының орындалу барысын тексерді. Жобаға 4,9 млрд теңге қарастырылған. Жаңартылған саябақта жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары, субұрқақ, балалар алаңдары және басқа да заманауи нысандар пайда болады.

Қазіргі уақытта саябақтағы бұзу жұмыстары аяқталып, аумақты негізгі абаттандыруға дайындау жүргізіліп жатыр. Компания басшысы жауапты мамандарға құрылыс қарқынын төмендетпей, жобаны белгіленген уақытта аяқтауды тапсырды.

Сапар бағдарламасына С. Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрындағы күрделі жөндеу жұмыстары да енгізілді. Құны 5,1 млрд теңге болатын жоба театрдың тарихи және сәулеттік ерекшеліктерін сақтай отырып, сахналық кешен мен инженерлік жүйелерді жаңартуды қамтиды. Нысанды аралау кезінде құрылыс сапасы мен жұмыс кестесінің орындалуына басымдық берілді.

Сонымен бірге Басқарма төрағасы Жезқазған қаласында салынып жатқан Орталық мешіттің және Кеңгір су қоймасы жағалауын абаттандыру жобасының қазіргі жағдайын көрді. Жағалауды абаттандырудың екінші кезеңінде қазір аумақты жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Жоба «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр, жалпы құны 3,4 млрд теңгені құрайды.

Нысандарды аралау нәтижесінде Руслан Өскенәлі жауапты бөлімшелер мен мердігерлерге құрылыс сапасына бақылауды күшейтуді, бекітілген кестеден ауытқымауды және барлық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Әлеуметтік жобалардың орындалуы компания басшылығының тұрақты бақылауында болады.

Қаланың әлеуметтік және қоғамдық инфрақұрылымын дамыту «Қазақмыстың» жұмыс істейтін өңірлеріндегі негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Компания білім беру, мәдениет және қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға арналған жобаларды іске асыруды әрі қарай жалғастырып, өңірлердің инфрақұрылымдық дамуына инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp