Мазмұнға өту
qandastar.

Сабақтан жиі қалатын оқушылар полицияның бақылауына алынады

Малика Хамит
Сабақтан жиі қалатын оқушылар полицияның бақылауына алынады

Қазақстан мектептерінде сабаққа себепсіз қатыспайтын балаларды бақылау күшейтіледі, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Енді оқушылардың сабақтан қалу жағдайы полициямен бірлесіп тексеріліп, мектептегі буллингке қатысты шағымдар да қатаң бақылауға алынады.

Жаңа талаптар 2026 жылғы 21 қарашадан бастап күшіне енеді. Бұл туралы балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган хабарлады.

Жаңа тәртіп бойынша, Қазақстандағы 18 жасқа дейінгі барлық бала туралы мәлімет бірыңғай ақпараттық базаға енгізіледі. Олардың қатарында мектепке мүлде бармайтын немесе сабақтан жиі қалатын оқушылар да болады.

Мектептер мен полиция қызметкерлері сабаққа себепсіз қатыспау деректерін ай сайын салыстырып тексереді. Жиналған ақпарат әр айдың 10-ына дейін білім беру саласындағы ақпараттық жүйеге енгізілуі тиіс.

Бұдан бөлек, буллингке қатысты шағымдарды қарау тәртібі де өзгереді. Егер мектепте баланы қорлау немесе қудалау дерегі туралы ақпарат түссе, білім басқармасы оны бір жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті.

Мектептер жәбірленген балаға психологиялық көмек көрсетіп қана қоймай, буллингке қатысқан оқушылармен де жеке жұмыс жүргізеді. Ол үшін жәбірленушіні әлеуметтік оңалту және әлімжеттік жасаған баланы әлеуметтік бейімдеу жоспары әзірленеді.

Егер мектепішілік есепке алынған оқушының мінез-құлқында алты ай ішінде оң өзгеріс байқалмаса, оның мәселесі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жіберіледі.

Осылайша, жаңа ережелер сабақтан себепсіз қалатын балаларды анықтауды, олардың білім алу құқығын бақылауды және мектептегі әлімжеттікке жедел әрекет етуді көздейді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp