Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы базарлардың бірінде түсірілген қызықты видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Бейнежазбада жергілікті кішкентай сатушы баланың шетелдік қонақпен саудаласып жатқанын көруге болады. Кейін белгілі болғандай, бала саудаласқан адам АҚШ-тың ең ірі банктерінің бірі – JPMorgan Chase компаниясының бас директоры Jamie Dimon болған.
Видеода бала өз тауарын сатып алуға келген қонаққа бағаны түсіндіріп, саудаласуға да мүмкіндік береді. Ал әлемдегі ең ықпалды қаржыгерлердің бірі саналатын Джейми Даймон оның ұсынысын қызығушылықпен тыңдап, әңгімеге араласады.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл көріністі жылы қабылдап, баланың іскерлігі мен батылдығына тәнті болғандарын жазуда. Көпшілік оның алдында әлемдік қаржы саласының жетекші тұлғаларының бірі тұрғанын білмегенін атап өтті.
Желіде тараған видео қысқа уақыт ішінде мыңдаған қаралым жинап, пайдаланушылар арасында қызу талқылануда.