Мазмұнға өту
qandastar.

«Samruk Alaman» аясында Алматы облысында волейболдан аймақтық турнир өтеді

tursynhan · · 238 қаралым
«Samruk Alaman» аясында Алматы облысында волейболдан аймақтық турнир өтеді

2026 жылғы 19–20 мамыр аралығында Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылдық округіндегі «Айтей» спорт кешенінде жасөспірімдер арасында волейболдан аймақтық жарыс өтеді. Іс-шара «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының 10 жылдығына арналып отыр, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.

Турнирдің ресми ашылу рәсімі 20 мамыр күні сағат 12:00-де басталады.

Жарыс «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қолдауымен бой көтерген заманауи «Айтей» спорт кешенінде өтеді. Аумағы 1800 шаршы метр болатын нысанда мини-футбол, волейбол, баскетбол және теннис алаңдары орналасқан. Бұдан бөлек, кешенде бокс рингі, күрес кілемі және екі жолақты жүгіру алаңы қарастырылған. Мұндағы инфрақұрылым спортшылардың сапалы жаттығу жасап, түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуіне мүмкіндік береді.

Турнирге Алматы облысының түрлі өңірлерінен келген 2009–2010 жылы туған жасөспірім ұлдар және қыздар командалары қатысады деп күтілуде.

Жобаның негізгі мақсаты — жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, бұқаралық спортты дамыту және жас спортшылардың тәжірибесін шыңдау.

Жарыс Қазақстан Волейбол федерациясының ресми талаптарына сай ұйымдастырылады. Үздік атанған командалар кубок, медаль, грамоталар және арнайы сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ жарыс барысында ерекше көзге түскен ойыншылар арнайы аталымдар бойынша анықталады.

Айта кетейік, «Samruk Alaman» республикалық спорт ойындары Қазақстанның бірнеше өңірінде өткізіліп жатыр. Бұл бастама өңірлік спорт инфрақұрылымын жетілдіруге және жастарды спортқа тартуға бағытталған әлеуметтік жобалардың бірі саналады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp