Алматы қаласының Алмалы аудандық соты қоғам қайраткері Санжар Бокаевқа қатысты үкім шығарды. Сот оны кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Айыптау нұсқасына сәйкес, Санжар Бокаев «ҚазТрансГаз» кәсіподағы Еуропа – Қытай автожорығын ұйымдастыруға бөлген 42 миллион теңгеден астам қаражатты өзінің жиһаз бизнесіне аударған.
Бұдан бөлек, оған Үлкен Алматы өзенінің жағалауындағы құрылыс алаңынан 12 гранит тақтаны ұрлауды ұйымдастырды және Баум тоғайындағы 16 ағашты заңсыз кесуге қатысты деген айып тағылған. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл әрекеттер Алматыдағы абаттандыру мәселелерін көрсететін бейнероликтер түсірумен байланысты болған.
Сондай-ақ оған жалған ақпарат таратты деген айып тағылған.
Бұған дейін прокуратура соттан Санжар Бокаевты тағылған айыптардың жиынтығы бойынша 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Санжар Бокаев сотта өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.