Мазмұнға өту
qandastar.

Сарапшы: Алдағы Құрылтай сайлауында дауыс берушілер саны артуы мүмкін

Бақытжан Мұса · · 159 қаралым
Сарапшы: Алдағы Құрылтай сайлауында дауыс берушілер саны артуы мүмкін

Алдағы Құрылтай сайлауында дауыс беретін азаматтардың саны 2023 жылғы Мәжіліс сайлауымен салыстырғанда жоғары болуы мүмкін. Мұндай болжамды Алматыда өткен «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» атты сарапшылар алаңында Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова айтты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Сарапшының сөзінше, соңғы жылдары өткен сайлау науқандарының статистикасы қазақстандықтардың дауыс беру белсенділігі әртүрлі болғанын көрсетеді. Мәселен, 2019 жылғы президент сайлауына сайлаушылардың 77,5 пайызы қатысса, 2021 жылғы парламент сайлауында бұл көрсеткіш 63,3 пайызды құраған. Ал 2022 жылғы президент сайлауында қатысу деңгейі 69,44 пайыз болса, 2023 жылғы парламент сайлауында 54,14 пайызға дейін төмендеген.

Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, президент сайлауларында азаматтардың белсенділігі дәстүрлі түрде жоғары болады. Өйткені бұл науқан нақты тұлғаны таңдауға негізделеді.

Биылғы Құрылтай сайлауы өзгеше жағдайда өтіп жатыр. Сарапшы партиялар арасындағы бәсекенің күшейгенін, ақпараттық жұмыстардың жанданғанын, теледебаттар мен цифрлық платформалардың ықпалы артқанын атап өтті. Бұл факторлар сайлаушылардың қызығушылығын арттырып, дауыс беруге ынталандыруы мүмкін.

Әлеуметтанулық зерттеулер де азаматтардың сайлауға қатысуға дайын екенін көрсетеді. Әртүрлі сауалнама нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 70,3–75,6 пайызы 23 тамыздағы дауыс беруге қатысуға ниетті екенін білдірген.

Дегенмен сарапшы бұл көрсеткіштердің әзірге азаматтардың алдын ала ниетін ғана білдіретінін айтты. Оның пікірінше, нақты қатысу деңгейі сайлау күніне дейін қоғамдық қызығушылықтың қаншалықты сақталатынына байланысты болады.

Сонымен қатар сайлаушылардың белсенділігіне саяси институттарға деген сенім, ақпараттың қолжетімділігі, тұрғылықты жері, сайлау бәсекесінің деңгейі және азаматтардың өз дауысының ықпал ететініне деген сенімі әсер етеді.

Биылғы сайлауда дауыс беру партиялық тізімдер арқылы өтетіндіктен, партиялардың сайлауалды бағдарламасы, танымалдығы, теледебаттардағы белсенділігі және халықпен тікелей жұмысы шешуші рөл атқармақ.

Сарапшылардың пікірінше, партиялардың сайлау науқаны барысында қоғамның қызығушылығын сақтап, оны нақты дауыс беруге ұластыра алуы 23 тамыздағы сайлаудың қорытындысына елеулі ықпал етеді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp