Көкшетаудағы Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің бірінде әскери қызметшілердің тамақтануын бақылауға арналған жаңа цифрлық жүйе іске қосылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
E-Qamqorlyq жүйесі азық-түліктің сатып алынуынан бастап, қоймада сақталуы мен санитариялық талаптардың орындалуына дейінгі процестерді бақылауға көмектеседі.
Мысалы, Q-Store қоймадағы өнімдердің есебін жүргізіп, жарамдылық мерзімін қадағалайды. Q-HACCP температура, ылғалдылық және санитариялық талаптардың сақталуын бақылайды. Ал Q-Staff қызметкерлердің жұмыс уақыты мен медициналық рұқсаттарын есепке алады.
Ең қызығы - FoodPos құрылғысы әскери қызметшінің тәрелкесіндегі тағамдарды танып, олардың көлемін анықтайды. Ал жасанды интеллект осы мәліметтер негізінде тағамның құнарлылығын есептейді.
Осылайша сарбаз таңғы, түскі немесе кешкі ас кезінде қанша ақуыз, май және көмірсу тұтынғанын біле алады. Сонымен қатар әр тағамға баға беріп, өз пікірін қалдыру мүмкіндігі бар.
Жиналған ақпарат цифрлық талдауға түседі. Бұл әскери қызметшілердің қандай тағамдарды ұнататынын анықтап, қажет болса ас мәзірін өзгертуге мүмкіндік береді.
Жаңа технология әзірге сынақ режимінде. Егер жүйе тиімділігін көрсетсе, оны басқа әскери бөлімдерде де енгізу жоспарланып отыр.