Сәтбаев маңындағы қоқыс полигонында өрт шықты, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Ұлытау облысының Сәтбаев қаласынан шамамен 10 шақырым жерде қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқыс өртенді.
Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылды. Оқиға орнына 20-ға жуық маман және 8 арнайы техника тартылды.
Құтқарушылардың жұмысына қою түтін кедергі келтірген. Соған қарамастан өрт 470 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғадан зардап шеккендер жоқ.