Сәтбаев қаласында «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС ұйымдастырған өндірістік қауіпсіздік жөніндегі екі күндік форум басталды. Оған компанияның 112 маманы қатысып, тау-кен жабдықтарын жөндеу кезінде жұмысшылардың жарақат алу қаупін азайту жолдарын қарастыруда. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Форумға кәсіпорын басшылары, өндірістік учаскелер мен цех жетекшілері, шеберлер, сондай-ақ «Жезқазғансервис» және Тау-кен шахта жабдықтары зауытының мамандары жиналды.
Жиын барысында өндірістегі жазатайым оқиғалардың себептері талданып, олардың алдын алу шаралары қарастырылуда. Әсіресе жер асты техникасын жөндеу және оған техникалық қызмет көрсету кезіндегі қауіпсіздік талаптарына басымдық берілген.
Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстардың әр кезеңінде қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды. Атап айтқанда, жабдықты жөндеуге дайындау, жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру, жөндеу барысы мен жұмысты аяқтау кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң орындау қажет.
Форумның негізгі мақсаты – өндірістік жарақаттанудың алдын алу, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғау.