Бүгін, 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл болды. Бұл дата Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде де аталып өтеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
1991 жылы 29 тамызда Қазақстанның бастамасымен Семей ядролық сынақ полигоны ресми түрде жабылды. Содан бері бұрынғы полигон аумағында радиациялық жағдайды зерттеу, мониторинг жүргізу және сынақтардан қалған нысандарды қауіпсіздендіру жұмыстары жалғасып келеді.
Ұлттық ядролық орталықтың мәліметінше, осы уақытқа дейін зерттелген аумақтың көлемі 18 мың шаршы шақырымнан асады. Мамандар полигон жеріндегі радиациялық жағдайды тұрақты түрде бақылауда ұстап отыр.
Бұрынғы полигон аумағын тиімді әрі қауіпсіз пайдалану мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. 2023 жылы «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң қабылданып, аумақты ұзақ мерзімді басқарудың құқықтық тетіктері бекітілді.
Қазіргі таңда шамамен 8,3 мың шаршы шақырым жерде радиациялық тәуекелдер әлі де сақталған. Осыған байланысты бұл аумақтарда арнайы бақылау мен зерттеу шаралары жалғасады.
Сонымен қатар радиациялық тұрғыдан қауіпсіз деп танылған шамамен 10 мың шаршы шақырым жерді біртіндеп шаруашылық айналымға енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Семей полигонының жабылуы Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту бағытындағы маңызды тарихи шешімдерінің бірі саналады. Полигон аумағындағы экологиялық және радиациялық мәселелерді зерттеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғаспақ.