Мазмұнға өту
qandastar.

Семейдегі форум жастарға жаңа серпін сыйлады

Бақытжан Мұса · · 131 қаралым
Семейдегі форум жастарға жаңа серпін сыйлады

Семей қаласында өткен «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» форумында жастар танымал спортшылармен кездесіп, мотивацияға толы әсер алды. Іс-шара барысында қатысушылар әлем чемпиондарымен жүздесіп қана қоймай, өз армандары мен мақсаттары жайында да ой бөлісті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеп хабарлады.

Форум қонақтарының бірі — М. Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенті Диас Шапенов. Жас спортшы каратэмен айналысып, түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Ол бүгінде Абай облысының намысын қорғап келеді.

Диастың айтуынша, әлемдік аренада ел туын көтеріп жүрген чемпиондармен кездесу оған үлкен шабыт сыйлаған.

«Әлем чемпиондарының жанында тұрғанда, адам өз арманына жетуге болатынын түсінеді. Мен де болашақта Қазақстанның көк туын халықаралық жарыстарда желбіреткім келеді», – дейді жас спортшы.

Форум барысында Диасқа ерекше әсер қалдырған жайттардың бірі — Абай облысы полиция департаменті басшылығының спортқа деген қызығушылығы мен жетістіктері болды. Облыстық полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров каратэден дан иегері екені және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға қолдау көрсететіні айтылды.

Мұндай кездесулер жастардың спортқа, тәртіпке және заңға деген құрметін арттырып, оларды биік мақсаттарға ұмтылуға жігерлендіреді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp