Мазмұнға өту
qandastar.

«Семей орманы» резерватында құстарға арналған 10 ұя орнатылды

Бақытжан Мұса
gov.kz
gov.kz

Абай облысындағы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында құстарға арналған 10 ұя орнатылды. Игі бастамаға Семей қаласының жастары мен орман шаруашылығының қызметкерлері қатысты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Іс-шара Абай облысының ішкі саясат басқармасының үйлестіруімен ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – өңірде қыстап қалатын құстарға қолайлы жағдай жасау. Орнатылған ұяларға құстар үшін жем мен дән салынып отырады.

«Семей орманы» резерваты Қызылкордон орман шаруашылығының басшысы Қуаныш Қайырхановтың айтуынша, мұндай ұялар қыста өңірде қалатын құстарға паналайтын орын болады. Сонымен қатар оларға тұрақты түрде жем-шөп беріледі. Осындай акциялар жазда да, қыста да ұйымдастырылады.

Жастар өкілдері мұндай бастамалар табиғи экожүйені сақтауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

«Ұлағат» жастар үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасары Айша Айшекованың сөзінше, жастар осындай игі істер арқылы табиғатқа жанашырлық танытып, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын көрсетуді көздейді.

Орнатылған ұялар тоқылдақ, үлкен шымшық, сауысқан, сұр қарға, қара қарға, қара кезқұйрық, ақ шымшық, қоңырбас шөже, дала торғайы және орман жағалтайы секілді құстарға арналған.

Экологиялық акцияның басты мақсаты – табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру, жастардың қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттыру және өңірдің биоалуантүрлілігін сақтауға үлес қосу.

Бөлісу: Telegram WhatsApp