Семейде полицейлер теміржол маңында жалғыз жүрген жеті жасар баланы байқап, үйіне жеткізді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Белгілі болғандай, бала пойыздарды көргісі келген.
Оқиға кешкі сағат 19:40 шамасында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері Бозтаев көшесіндегі жанармай құю бекетіне тоқтаған кезде рельс бойында жүрген баланы байқап қалған.
Полицейлер оның қасына барып, не себепті жалғыз жүргенін сұраған. Бала пойыздарды көргісі келгенін айтып, Комсомол кентіндегі жеке үйде тұратынын жеткізген.
Ата-анасы үйде болмаған сәтті пайдаланған бала кешкі серуенге шығып, теміржолға қарай бет алған. Тәртіп сақшылары оны үйіне апарып, ата-анасына тапсырды.
Баланың әкесі полицейлерге алғысын білдірген. Өз кезегінде қызметкерлер ата-анасына баласына ұрыспай, теміржолға жалғыз барудың қауіпті екенін түсіндіруге кеңес берді.
Полиция өкілдері теміржол аумағы балалардың серуендейтін немесе ойын ойнайтын жері емес екенін еске салады. Ата-аналарға балаларының қайда жүргенін бақылап, қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыру ұсынылды.