Мазмұнға өту
qandastar.

Сенат сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы күшейтті

Бақытжан Мұса · · 50 қаралым
Сенат сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы күшейтті

Сенат сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы күшейтуге бағытталған бірқатар маңызды түзетулерді мақұлдады. Енді пара беру немесе алу ғана емес, параны ұсыну, уәде ету және талап ету әрекеттері де қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп хабарлайды.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, мүдделер қақтығысының алдын алудың толық жүйесі енгізіледі. Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғаларға өз қызметтік өкілеттіктерін жеке пайдасы үшін пайдалануға қатаң тыйым салынады.

Сондай-ақ жеке мүдделерді міндетті түрде декларациялау тәртібі енгізіліп, мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда әрекет ету алгоритмі нақты бекітіледі.

Туыстық байланыстарға қатысты шектеулер де күшейтілді. Енді тек тікелей бағыныштылық емес, жанама ықпал ету, кадрлық шешімдерге әсер ету және ішкі бақылау тетіктері де ескеріледі. Осыған байланысты бір мемлекеттік органда жақын туыстардың (жиен, қайын жұрт, құда-жекжат, балдыз, күйеу бала және т.б.) бірге қызмет атқаруына шектеулер қойылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптар қолданылатын субъектілердің ауқымы кеңейіп, оған квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және бюджет пен Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жобаларға қатысушылар да енгізіледі.

Сонымен қатар мемлекеттік “Е-қызмет” цифрлық кадрлық жүйесінің жұмысы заңнамалық тұрғыда бекітіліп, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы кадрлық процестер бірыңғай цифрлық форматқа көшірілмек.

Заңсыз сыйақы алғаны үшін жауапкершілік те күшейтіледі, ал сыбайлас жемқорлыққа қатысты әкімшілік жауапкершілік қолдану мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін ұзартылады.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін енгізілген шектеулер нақтыланып, мемлекеттік қызметке өмір бойы тыйым салу мемлекеттік функцияларды орындаумен байланысты лауазымдарға қатысты қолданылатын болады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp