2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының H тобындағы Уругвай мен Кабо-Верде құрамалары арасындағы матч тең нәтижемен аяқталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
АҚШ-тың Майами қаласындағы «Хард-Рок» стадионында өткен кездесуде командалар 2:2 есебімен тең түсті.
Ойынның 21-минутында Кабо-Верде құрамасының жартылай қорғаушысы Кевин Ленини есеп ашты.
Бірінші таймның соңына қарай Уругвай сапындағы Максимилиано Араухо таразы басын теңестірді.
Артынша Агустин Каноббио гол соғып, оңтүстікамерикалық құраманы алға шығарды.
Алайда екінші таймда Кабо-Верде шабуылшысы Хелио Варела мергендік танытып, матчтағы қорытынды есепті белгіледі - 2:2.
Осылайша Уругвай топтық кезеңдегі екінші ойынында да жеңіске жете алмады. Бұған дейін команда Сауд Арабиясымен 1:1 есебімен тең түскен болатын. Ал Кабо-Верде алғашқы турда Испаниямен ұпай бөлісіп (0:0), тағы бір фавориттен ұпай алып отыр.
Топтық кезеңнің соңғы турында 27 маусым күні Уругвай Испаниямен кездессе, Кабо-Верде Сауд Арабиясына қарсы ойнайды.
Еске салайық, әлем чемпионатының топтық кезеңі 27 маусымға дейін жалғасады. Әр топтан үздік екі құрама және үшінші орын алған ең үздік сегіз команда плей-офф кезеңіне жолдама алады.