Мазмұнға өту
qandastar.

Северцов мұздығынан 19 жыл бұрын жоғалып кеткен қазақстандықтың сүйегі табылды

Бақытжан Мұса · · 14 қаралым
Северцов мұздығынан 19 жыл бұрын жоғалып кеткен қазақстандықтың сүйегі табылды

Алматы облысындағы Северцов мұздығынан 19 жыл бұрын жоғалып кеткен қазақстандықтың сүйегі табылды. Марқұмның кім екені оның жанынан шыққан сөмке мен құжаттар арқылы анықталған, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Алматылық Нелли Михеева әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жаңалықты отбасы үшін әрі қайғылы, әрі қуанышты оқиға деп атады. Оның айтуынша, әкесі 2007 жылы жоғалып кеткен.

Северцов мұздығы ерігеннен кейін Белоруссиядан келген туристер таудан адам қаңқасы мен сөмке тауып алған. Олар заттарды назардан тыс қалдырмай, тиісті қызметтерге хабар берген.

Неллидің сөзінше, сөмкенің сыртқы түрінен оның әкесіне тиесілі екенін бірден болжаған. Себебі мұндай ескі үлгідегі сөмке сол кезде кең тарала қоймаған.

Ол Төтенше жағдайлар департаментімен байланысып, құтқарушылардан болған жағдай туралы ақпарат алған. Құтқарушылар адам сүйегі мен табылған заттарды таудан түсіріп, істі тергеушілерге тапсырған.

Кейін тергеу барысында сөмкенің ішінен марқұмның төлқұжаты табылған. Осы құжат арқылы қаңқаның Неллидің 19 жыл бұрын жоғалып кеткен әкесіне тиесілі екені анықталған.

Нелли отбасы енді әкесін жер қойнына тапсырып, осы жылдар бойы жалғасқан белгісіздіктің аяқталғанын айтты.

Бөлісу: Telegram WhatsApp