Мазмұнға өту
qandastar.

Шайдоровқа қатысты дау: министр қоғамды объективтілікке шақырды

tursynhan · · 266 қаралым
Шайдоровқа қатысты дау: министр қоғамды объективтілікке шақырды

Олимпиада чемпионы, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың төңірегіндегі жағдай қоғам назарында қалып отыр. Спорт саласында спортшыға қатысты ақпараттық қысым болуы мүмкін деген пікірлер айтылуда. Бұл мәселеге Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пікір білдірді, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.

Министрдің айтуынша, кез келген сын нақты деректер мен дәлелдерге негізделуі қажет. Ол спортшыларға қатысты пікірталастарда эмоциядан гөрі объективтілікке басымдық беру маңызды екенін атап өтті.

Соңғы айларда әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістікте 21 жастағы спортшыға қатысты түрлі көзқарастар жарияланды. Бір тарап оның жетістігін кездейсоқтықпен байланыстырса, енді бірі тарихи табысқа қол жеткізуіне спорт жүйесінің ықпалы болмағанын алға тартты. Ербол Мырзабосынов мұндай жағдайда спортшының ұзақ жылғы еңбегі мен халықаралық аренадағы нәтижелері назардан тыс қалмауы керектігін айтты.

Спорт – халықаралық алаң. Біздің ішкі мәселелеріміздің шамадан тыс жария талқыға түсуі дұрыс емес. Мұны халықаралық спорт қауымдастығы, төрешілер мен бәсекелестер де бақылап отыр. Мұндай даулар ең алдымен спортшының жаттығу процесіне кері әсер етуі мүмкін
деді министр.

Михаил Шайдоровтың айналасындағы пікірталас 2026 жылдың мамыр айының соңында берген сұхбатынан кейін күшейді. Спортшы Олимпиададағы жеңісінен кейін өзі мен командасына жалақы төлеу тоқтатылғанын мәлімдеген болатын. Кейін Туризм және спорт министрлігі оның дайындығына өткен жылы шамамен 263,4 млн теңге жұмсалғанын жариялады. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер мен қызу талқылаулар көбейді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp