Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңында құрылған сауда-логистика кешендері мен өнеркәсіп кооперациясы орталықтарын өзара байланыстырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл қосылған құнның өңірлік тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда инвестиция, энергетика, өндіріс және басқа да стратегиялық бағыттар бойынша өзара ықпалдастыққа қажетті жағдай жасалған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Ал келесі жылы Бақты – Аягөз бағытын іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар Қытайды Каспий теңізі және Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталды. Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жаңғыртуы бүкіл өңірдің транзиттік әлеуетін арттыратынын айтты.
Президент Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға ерекше мән берілетінін жеткізді. Оның сөзінше, соңғы жылдардағы көрсеткіштер Орта дәлізге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Бұдан бөлек, Ресеймен ынтымақтастық аясында Солтүстік – Оңтүстік бағыты да Қазақстан үшін маңызды көлік дәліздерінің бірі саналады.