Қазақстанда маймыл шешегінің елге әкелінуінің алдын алу үшін санитариялық бақылау күшейтілді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі инфекцияның таралу қаупін бағалап, аурудан сақтану жолдарын еске салды.
Ведомство мәліметінше, әлемнің бірқатар елінде маймыл шешегі тіркелген. Сондықтан инфекцияның Қазақстанға әкеліну ықтималдығы жоққа шығарылмайды. Алайда вирустың берілу ерекшеліктерін ескере отырып, ел ішінде кеңінен таралу қаупі төмен деп бағаланып отыр.
Қазір мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізілуде. Ауру тіркелген елдердегі эпидемиологиялық жағдай мен сол мемлекеттерден келген азаматтар да бақылауға алынған. Медициналық ұйымдар мен зертханалар инфекцияны анықтауға дайындалып, ауруға күдік туған жағдайда әрекет ету алгоритмдері бекітілген.
Министрліктің хабарлауынша, көліктің барлық түрінде жүргізілген санитариялық бақылау барысында аса қауіпті инфекция жұқтырған немесе ауруға күдік тудырған адамдар анықталмаған.
Маймыл шешегі қалай жұғады?
Маймыл шешегі — MPXV вирусы тудыратын инфекциялық ауру. Ол негізінен жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс кезінде таралады. Сондай-ақ вирус терідегі бөртпелермен, биологиялық сұйықтықтармен жанасқанда, ортақ пайдаланылған киім мен төсек-орын арқылы немесе жұқтырған жануарлардан берілуі мүмкін.
Аурудың негізгі белгілері:
- дене қызуының көтерілуі;
- бас және бұлшықет ауруы;
- лимфа түйіндерінің ұлғаюы;
- теріде бөртпелердің пайда болуы.
Қалай сақтануға болады?
Денсаулық сақтау министрлігі терісінде себебі белгісіз бөртпелері бар адамдармен тығыз физикалық байланыстан аулақ болуға, жеке гигиенаны сақтауға және өзге адамның киімі мен төсек-орын жабдықтарын ортақ пайдаланбауға кеңес береді.
Егер ауру белгілері байқалса, әсіресе инфекция тіркелген елдерге барғаннан кейін, медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігерге сапарлар мен ықтимал байланыстар туралы да хабарлаған жөн.
Министрлік эпидемиологиялық жағдайды бақылауды жалғастырып жатыр.