Мазмұнға өту
qandastar.

Шетелдік университеттер Қазақстанға ағылып жатыр: Тоқаев министрге ризашылығын білдірді

Малика Хамит
Шетелдік университеттер Қазақстанға ағылып жатыр: Тоқаев министрге ризашылығын білдірді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке алғыс айтты, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Мемлекет басшысы III Стратегиялық серіктестер форумында шетелдік жетекші университеттермен байланыс нығайып, Қазақстанда олардың филиалдары ашылып жатқанын атап өтті.

«Осыған байланысты министр Саясат Нұрбекке ризашылығымды білдіремін», – деді Президент.

Қазір елімізде бірқатар шетелдік жоғары оқу орнының филиалдары жұмыс істейді. Олардың қатарында Мәскеу мемлекеттік университеті, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты және Ұлыбританияның Кардифф университеті бар. Сондай-ақ Аризона университетімен бірлескен білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оның алғашқы түлектері биыл Қазақстан мен АҚШ университеттерінің қос дипломын алды.

Бұдан бөлек, Ковентри университеті, Мәскеу инженерлік физика институты, Бейжің тіл және мәдениет университеті мен Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетіне арналған кампустар салынып, кеңейтіліп жатыр.

Тоқаевтың айтуынша, бұл бастамалар Қазақстанда атом энергетикасы, жасанды интеллект, цифрлық технология және креативті индустрия салаларына қажетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар шетелдік университеттердің филиалдары тек ірі қалаларда емес, өңірлерде де ашылып, жергілікті кадр қажеттілігі ескерілуі тиіс.

Бөлісу: Telegram WhatsApp