12 адамның өмірін жалмаған «Центр плова Loft» кафесіндегі жарылыс фактісі бойынша тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Прокуратура абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруда.
20 сәуірде арнайы прокурорлар автомобиль газ құю станциясының директорын, сондай-ақ газ баллондарды жеткізушіні ұстады.
Олар баллондарды толтыру және жеткізу бойынша қызметтер көрсету кезінде заңнама талаптарын бұзды деген күдікке ілінді.
Күдіктілердің әрекеттері абайсызда екіден көп адамның ауыр зардаптары мен өліміне әкеп соққан, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету бойынша сараланды.
Аталған бап санкциясы 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Күдіктілердің біріне қатысты соттың санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, екіншісіне үй қамағы таңдалды.
Еске сала кетейік, ақпанда болған Щучинскідегі дәмханадағы жарылыстан 29 адам зардап шегіп, қайтыс болғандар саны 12-ге жетті.