Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданына қарасты Бірлік ауылында 22 жастағы тұрғын 67 жастағы әкесіне күш қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Информбюро порталына сілтеп хабарлады.
Мәліметке сәйкес, жас жігіт әкесін балағаттап, соққыға жыққан. Оқиға кезінде ол мас күйде болған. Сонымен қатар, өзінің әрекетін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны ұстағанымен, жәбірленуші ретінде танылған қария ұлының үстінен арыз жазудан бас тартқан. Оның айтуынша, баласына қатысты ешқандай шағымы жоқ.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, сот шешімімен ер адам 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалмаған.