Мазмұнға өту
qandastar.

ШҚО-да робот-иттер алғаш рет қоғамдық тәртіпті күзетуге шықты

Бақытжан Мұса · · 16 қаралым
ШҚО-да робот-иттер алғаш рет қоғамдық тәртіпті күзетуге шықты

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов кентінде өткен «Nomad Álemi» фестивалінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге робот-иттер алғаш рет тартылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеп хабарлады.

Заманауи құрылғылар полиция қызметкерлерімен бірге фестиваль аумағын бақылап, қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектесті. Бұл – ШҚО-да жаппай іс-шара кезінде робот-иттерді алғаш рет пайдалану.

Робот-иттер белгіленген аумақта патруль жүргізіп, тәулік бойы бейнебақылау жасай алады. Олар түсірілген бейнежазбаларды талдап, адамдардың бет-әлпетін тану мүмкіндігіне ие. Жиналған ақпарат нақты уақыт режимінде Жедел басқару орталығына жіберіледі.

Құрылғылар жарық сигналдарымен және дауыс зорайтқышпен жабдықталған. Бұл полицияға фестиваль қонақтарымен жедел байланысып, қажет болған жағдайда ескерту жасауға мүмкіндік береді.

Полицияның мәліметінше, «Nomad Álemi» фестиваліндегі алғашқы тәжірибе заманауи технологияларды қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне енгізудің тиімділігін көрсетті.

Робот-иттер полиция жасақтарының орнын алмастырмайды. Олар қызметкерлердің жұмысын толықтырып, аумақты бақылау және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруға бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp