Мазмұнға өту
qandastar.

ШҚО-да жоғалған 4 жасар бала бір жарым сағатқа жетпей табылды

Бақытжан Мұса · · 508 қаралым
ШҚО-да жоғалған 4 жасар бала бір жарым сағатқа жетпей табылды

Шығыс Қазақстан облысында полицейлер жоғалып кеткен 4 жасар баланы бір жарым сағатқа жетпей тауып алды. Бұл туралы Polisia.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлады.

Оқиға 2 мамыр күні болған. Сағат 10:12-де «102» нөміріне баланың жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Бұл жөнінде оның 20 жастағы әпкесі хабарлаған. Белгілі болғандай, ата-анасы баланы әпкесінің қарауына қалдырып, қонаққа кеткен.

Бүлдіршін ауладағы ойын алаңында ойнап жүрген. Әпкесі оны терезеден бақылап отырғанымен, бірнеше минутқа назардан тыс қалдырған сәтте бала көзден таса болған. Өз бетінше іздегенімен нәтиже шықпаған соң, ол дереу полицияға жүгінген.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы тез арада жетті. Топ құрамында Өскемен қаласы полиция басқармасының тергеушісі Қадырмен Жеңісханов та болды. Ол баланың белгілерін нақтылап алып, бірден іздеу жұмыстарына кіріскен: маңайдағы аулаларды аралап, тұрғындардан сұрастырып, жақын маңдағы дүкендерді тексерген.

Сағат 11:28-де, яғни бала жоғалғаннан кейін бір жарым сағатқа жетпейтін уақытта, полицей бүлдіршінді тауып алды. Ол жақын маңдағы дүкендердің бірінде, ойыншықтар бөлімінде жүрген.

Абырой болғанда, бала аман-есен табылып, ешқандай жарақат алмаған. Кейін ол ата-анасына тапсырылды.

Оқиғадан кейін туыстарымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Полиция қызметкерлері ата-аналар мен қамқоршыларға балаларды тіпті қысқа уақытқа да қараусыз қалдырмау қажеттігін тағы да ескертті. Баланың қауіпсіздігі әрдайым басты назарда болуы тиіс.

Бөлісу: Telegram WhatsApp