Шығыс Қазақстан облысында ескі зират орналасқан аумақта аурухана құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс барысында жерден адам сүйектерінің табылуы тұрғындардың наразылығын туғызды. Олар бұл әрекетті «аруақты қорлау» деп бағалап, жұмысты тоқтатуды талап етуде. Бұл туралы Qandastar.kz сайты КТК порталына сілтеме жасап хабарлады.
Оқиға Шемонаиха қаласында тіркелген. Мұнда аудандық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне арналған жаңа корпус салынып жатыр. Алайда құрылыс жүргізіліп жатқан жер бұрынғы зират аумағы екені белгілі болған. Жергілікті халықтың айтуынша, бұл жерде өткен ғасырда жұқпалы аурулардан қайтыс болған адамдар жерленген.
Телеарна мәліметіне сәйкес, құрылыс алаңынан алынған топырақ арасынан бірнеше адамның сүйектері табылған. Осыған байланысты тұрғындар аурухана құрылысын жалғастыруға үзілді-кесілді қарсы екенін білдірді.
Ал жергілікті билік өкілдері табылған сүйектер қараусыз қалмайтынын, олар діни талаптарға сай қайта жерленетінін мәлімдеді. ШҚО әкімдігі баспасөз қызметінің өкілі Қымбат Мұхамадиева бұған дейін де бұл аумақта әртүрлі құрылыс жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, полиция қорытындысына сәйкес, табылған сүйектердің тарихи маңызы жоқ және олар қайта жерленуге жатады.