Шығыс Қазақстан облысында жұқа мұздың үстімен жүрген бала суға түсіп кетіп, аман қалды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Оқиға Алтай қаласында болған. Курчатов көшесі маңындағы батпақты аумақта 9 жастағы бала мұз үстімен жүріп бара жатқанда, мұз ойылып, суға құлаған.
Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ қызметкерлері баланы судан шығарып, дәрігерлерге тапсырды. Қатты тоңазыған бала ауруханаға жеткізілді. Қазір оның жағдайы қалыпты.
ТЖМ ата-аналарға ескерту жасады: жұқа мұздың үстімен жүру өте қауіпті. Балаларды су айдындарына жақын жерде қараусыз қалдырмау және мұз үстіне шығуға болмайтынын түсіндіру қажет.